Түркістан қаласында бокстан XXXII халықаралық турнирдің жалауы көтерілді. Дәстүрлі дода даңқты боксшы, ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған. Ол – КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы.


Биылғы турнир Әбдісалан Нұрмахановтың 90 жылдығына арналып отыр. Салтанатты ашылу рәсімінде қатысушылар мен қонақтар жарысқа жиналған спортшыларға сәттілік тіледі.


Халықаралық додаға Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Кувейт, Қырғызстан елдері мен Қазақстанның барлық өңірлерінен 150-ге жуық былғары қолғап шеберлері қатысуда.


Жарысқа қатысушылар 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі. Шаршы алаңда үздіктер анықталады. Түркістандық боксшылар да жоғары нәтиже көрсетуге ниетті. Айта кетейік, мұндай ауқымды жарыстар өңірде бокстың дамуына серпін беріп қана қоймай, жастарды спортқа баулуда маңызды рөл атқарады. Дәстүрлі турнир 15–19 сәуір аралығында өтеді.