Түркістан қаласындағы заманауи көпфункциялы атшабарда 2009–2011 жылы туған жасөспірімдер арасында көкпардан Түркістан облысының чемпионаты өз мәресіне жетті. Ұлттық спортты дәріптеуді мақсат еткен бәсекеге өңірдің 7 ауданынан келген командалар қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Атап айтқанда, Сайрам, Жетісай, Ордабасы, Келес, Қазығұрт, Түлкібас және Сарыағаш аудандарының жас шабандоздары тартысты ойын өрнегін көрсетті. Жарыс барысында қатысушылардың шеберлігі, ептілігі мен командалық үйлесімі жоғары деңгейде көрініс тауып, әр кездесу жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлады. Финалдық бәсекеде Ордабасы және Келес аудандарының командалары кездесті. Негізгі уақытта есеп 5:5 болып тең аяқталып, жеңімпаз «алтын салым» арқылы анықталды. Шешуші сәтте ордабасылық шабандоздар басымдық танытып, нәтижесінде облыс чемпионы атанды. Келес ауданы екінші орынға ие болса, Түлкібас құрамасы қола жүлдені қанағат тұтты. Жетісай командасы жарысты төртінші орынмен қорытындылады. Айта кетейік, облыстық чемпионаттың басты мақсаты – алдағы Қазақстан Республикасы чемпионатына үздік ойыншыларды іріктеу. Ел біріншілігі тамыз айында Алматы облысында өтеді деп жоспарлануда.