«Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру аясында «Терезе-SAFE» ауқымды ақпараттық науқаны басталды. Акцияның мақсаты - жазатайым оқиғалардың алдын алып, балалардың терезеден құлауына жол бермеу. Статистикаға сүйенсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұндай оқиғалар 2023 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артқан. Қауіп тобында негізінен 2 мен 5 жас аралығындағы бүлдіршіндер бар.
Науқанның негізгі элементі - әр отбасының күнделікті өміріне «Қауіпсіздік минуты» ережесін енгізу. Ережеге сәйкес, ата-аналар күн сайын үй ішін қысқаша тексеріп шығу әдетін қалыптастыруы тиіс. Тексеру кезінде терезе бұғаттағыштарының беріктігіне және терезе алдында бала шығып кетуі мүмкін жиһаздың тұрмауына баса назар аудару қажет. Басты мақсат - әрбір ата-ананың бойында тұрмыстық қауіпсіздік дағдысын қалыптастыру. Акция барысында ата-аналарға осындай өзге де пайдалы ақпараттар беріледі.