Шымкенттен әскерге аттанған 27 сарбаз Отан алдындағы борышын өтеп, елге оралды. Ақтау қаласындағы теңіз жаяу әскерлері бригадасында қызмет еткен жауынгерлерді әскери қызметшілер мен туыстары сән-салтанатпен қарсы алды.


Бір жыл бұрын мегаполистен 27 жас сарбаз Ақтау қаласындағы теңіз жаяу әскерлері бригадасында қызмет етуге аттанған болатын. Әскери борышын абыроймен өтеген жауынгерлерді теміржол вокзалынан әскери қызметшілер мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 35748 әскери бөлімінің әскери оркестрі қарсы алды.


ЖАНСЕРІК ҚАСЫМХАНҰЛЫ, ҚАТАРДАҒЫ ЖАУЫНГЕР
Әскерде жүріп отбасының, шынайы достардың қадірін терең түсінеді екенсің. Мен теңіз жаяу әскерінде қызмет өткергенімді мақтан тұтамын.


 Мерзімді әскери қызмет барысында шымкенттік сарбаздар жауынгерлік даярлықтан өтіп қана қоймай, әскери-есептік мамандықтарды меңгеріп, азаматтық өмірге қажетті дағдыларды да қалыптастырды. Отан алдындағы парызын абыроймен атқарған сарбаздардың жақындары да қуаныштарын жасырмады.


АРАЙЛЫМ ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ, ҚАТАРДАҒЫ ЖАУЫНГЕРДІҢ ТУЫСЫ
Інімізді әскерге шығарып салғанда қатты уайымдадық. Бүгін оның есейіп, жауапкершілігі артқанын көріп отырмыз. Үнемі байланыста болдық. Енді, міне, елге аман-есен оралды.


Салтанатты қарсы алу шарасы сарбаздар үшін жағымды тосын сый болды. Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен және туған-туыстарының ыстық ықыласы олардың елге оралу сәтін ерекше әсерлі етті.