Түркістан облысында экологиялық ахуалды жақсарту, жасыл аймақтарды кеңейту және өңірді көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, «Болашақ ағашы» аталып кеткен павлония көшеттері де егілуде. Әлемдегі ең жылдам өсетін ағаштардың бірі саналатын павлония бүгінде Түркістан қаласының кіреберіс аумағында да жайқалып тұр.


Павлония отырғызу жұмыстары Жетісай, Келес және Сарыағаш аудандарында да жүзеге асырылып келеді. Өңір бойынша павлонияның 60 мыңнан астам түбі мен ондаған гектар алқабы бар. Бұл ағаш оңтүстік өңірдің климатына жақсы бейімделген. Ол жылына бірнеше метрге дейін өсіп, қолайлы жағдайда 20–25 метр биіктікке жетеді. Сондай-ақ көктем-жаз мезгілінде ұзақ уақыт гүлдеп, экологиялық тұрғыдан ауаны тазартады және көмірқышқыл газын сіңіру қабілетімен ерекшеленеді.