Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әрбір жұмыс беруші өз қызметкерін еңбек міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндетті. Бұл шарт қызметкердің өмірі мен денсаулығына зиян келген жағдайда өтемақы төлеуді қамтамасыз етеді. Сақтандыру шарты болмаған жағдайда жұмыс беруші жауапкершілікке тартылады.
Қазақстанда жұмыс берушілер өз қызметкерлерін еңбек міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыруға 2024 жылдың 20 ақпанынан бастап міндеттелген. Бүгінгі таңда Шымкентте 2150 жұмыс берушінің қарамағындағы жұмысшылар жазатайым жағдайлардан сақтандырылмаған.
ЖЕҢІС МАҚҰЛБАЕВ, МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Сәуір айындағы жағдай бойынша 100 жұмыс беруші бойынша тексеру жүргізілді. Қазіргі таңда аталған жұмыстардың шамамен 50 пайызы орындалған. Бұл жөнінде заңнамада тиісті жауапкершілік көзделген. Атап айтқанда, ӘҚБК талаптарына сәйкес өз қызметкерлерін сақтандырмаған жұмыс берушілерге жеке тұлғаларға, лауазымды тұлғаларға, сондай-ақ шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне әртүрлі мөлшерде әкімшілік айыппұлдар қарастырылған.
Егер жұмыс беруші өз қызметкерлерін сақтандырмаған болса, шағын кәсіп иелері 160 АЕК, яғни 692 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. Орта кәсіп иелері 1 730 000 теңге, ал ірі кәсіпкерлік субъектілері 4 млн 325 мың теңге көлемінде айыппұл арқалайды. Жауаптылардың айтуынша, еңбек заңнамасы жиі бұзылатын сала — құрылыс саласы. Сонымен қатар еңбек қатынастарынан туындайтын даулар денсаулық сақтау және білім беру салаларында да жиі кездеседі.
ЖЕҢІС МАҚҰЛБАЕВ, МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Тексеру мемлекеттік еңбек инспекциясына берілген мерзімдерге сәйкес жүргізіледі. Егер заңбұзушылық анықталса, белгіленген үлгідегі нұсқама енгізіледі. Нұсқаманы орындауға белгілі бір мерзім беріледі. Сол мерзім ішінде жұмыс беруші өз әрекетін заң талаптарына сәйкестендіруі қажет.
Айта кетейік, 2025 жылы қалада 18 жазатайым оқиға тіркелген. Салдарынан 19 адам зардап шегіп, оның 10-ы ауыр, 2-і жеңіл жарақат алған. Ал 7 адам қайтыс болған.