Сауран ауданының аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Қауіпсіз жол» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өткізілді.
Іс-шара барысында жауапты мекемелер бірлесе отырып, жол қозғалысы ережелерінің сақталуына бақылауды күшейтіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізді. Профилактикалық шара аясында жүргізушілермен және жаяу жүргіншілермен түсіндіру жұмыстары кең ауқымда ұйымдастырылды. Атап айтқанда, жолда жүру мәдениетін сақтау, жылдамдық режимін бұзбау, қауіпсіздік белдігін тағу, мас күйінде көлік басқармау сынды маңызды талаптар түсіндірілді. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында ата-аналарға да ескерту жасалды. Іс-шара барысында тұрғындарға жол қауіпсіздігіне қатысты 1000-ға жуық ақпараттық жадынама таратылып, сақтық шараларын ұстанудың маңыздылығы кеңінен насихатталды. Бұл өз кезегінде азаматтардың жауапкершілігін арттырып, жол-көлік оқиғаларының азаюына оң ықпал ететіні атап өтілді. Жалпы, мұндай профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Негізгі мақсат – жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыру, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарға мүлдем жол бермеу.