Жетісай аудандық полиция бөлімінде мектеп оқушылары үшін ерекше форматтағы ашық есік күні ұйымдастырылды. Танымдық шараға 500-ге жуық оқушы қатысып, ішкі істер саласының жұмыс ерекшеліктерімен танысты.


Шара барысында оқушылар полиция қызметкерлерінің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып, қару-жарақ түрлерін, криминалистикалық құрал-жабдықтарды және арнайы қызметтік автокөліктерді жақыннан тамашалады. Сондай-ақ оларға жедел басқару орталығының жұмысы, уақытша ұстау изоляторы және тирдегі ату жаттығулары таныстырылды. Бұл бөлімдер оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Кездесу соңында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты әрі мазмұнды жауаптар алды.