Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Жиында мегаполистегі туристік және спорттық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар аясында жұмыс орындарын құру жоспарының орындалу нәтижелері қаралды.
Шымкентте туристік инфрақұрылымды дамыту және қаланың туристік тартымдылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл 4 жаңа қонақ үй ашылып, тағы 8 нысанның құрылысы жалғасады. Жалпы қалада қонақтарды орналастыруға арналған 162 нысан бар. Сонымен қатар Сайрам тұрғын алабында Ибрагим ата, Қарашаш ана кесенелері мен Қызыр мұнарасы сияқты туристік нысандарда абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында ақпараттық қамтамасыз ету жүйесі кеңейтіліп, әуежайда, теміржол вокзалында және қаланың негізгі туристік орындарында туристік киоскілер жұмыс істейді. Саланы цифрландыру аясында жасанды интеллект негізіндегі онлайн-гид пен QR бағыттар енгізілуде. Бұл жүйелер туристік нысандар мен бағыттар туралы ақпаратқа тәулік бойы қол жеткізуге мүмкіндік береді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қалада 3 348 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 2 472-сі тұрақты, 876-сы уақытша жұмыс орындары. Жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ға дейін төмендеді. Биыл мемлекеттік бағдарламалар мен жеке инвестициялық жобалар аясында 9 446 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 2 260 жұмыс орны ашылып, жұмыспен қамту жұмыстары жалғасуда. Мегаполисте салауатты өмір салтын насихаттауға және бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қала саябақтары мен аллеяларында нұсқаушылардың қатысуымен таңғы жаттығулар тұрақты түрде ұйымдастырылып, тұрғындардың дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысу үлесі артып келеді. Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі жоспарланған спорт және туризм жобаларының уақтылы іске асырылуын бақылауды күшейтуді, сондай-ақ қоғамдық орындарда өткізілетін таңғы жаттығуларға халықтың қатысу үлесін арттыруды және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауды тапсырды.