«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 35748 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін аяқтаған 200 сарбаздың салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Іс-шара бөлімнің саптық алаңында өтіп, оған бөлім басшылығы, Қарулы күштер ардагерлері мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.


 Салтанатты рәсім барысында әскери қызметшілерді запасқа шығару туралы бұйрық оқылып, Отан алдындағы борышын мінсіз атқарған сарбаздар марапатталды. Қызмет барысында әскери қызметшілер жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жауынгерлік және дене даярлығы бойынша лайықты нәтижелерге қол жеткізгені атап өтілді.


ШАПАҒАТ АЛИЕР, ҚАТАРДАҒЫ ЖАУЫНГЕР
Бүгін әскери борышымды аяқтадым. Бір жыл ішінде көптеген жақсы қасиеттерді меңгердім. Шыңдалдым, ысылдым, қажетті дағдыларды игердім!


Бөлімнің жеке құрамы жауынгерлік, дене және арнайы даярлық бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген. Атап айтқанда, шабуылдаушы батальонда 12 әскери қызметші үздік деп танылып, 6-ы спорт шебері нормативін орындады. 16-сы спорт шеберіне үміткер атанса, 28 сарбаз 10 тәулік демалыспен марапатталды. Басқа да батальондар мен дивизиондарда да осындай үздік көрсеткіштер тіркелген.


 ЕРАСЫЛ ЖАРЫЛҚАСЫН, ҚАТАРДАҒЫ ЖАУЫНГЕР
«Өте қуаныштымыз, ата-ана, туған-туыстармен қауышамыз! Бірақ әскери қызметті де сағынатынымыз анық. Мұнда көптеген достармен таныстық, өмірімізге қажетті жаңа дағдыларды меңгердік.»


2026 жылдың қаңтар айында Қорғаныс министрлігінің Бас инспекциясы жүргізген қорытынды тексеріс барысында бөлімшелер жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейін растап, қойылған міндеттерді толық орындаған. Іс-шара барысында Қарулы күштер ардагерлері мен қоғамдық ұйым өкілдері сөз сөйлеп, жас сарбаздарды тәрбиелегені үшін бөлім басшылығына алғыс білдірді.