Ішкі істер министрлігі жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы жасалатын интернет-алаяқтықтың жаңа түрлерінің таралуы туралы хабарлайды және ескертеді. Қаскөйлер өздерін құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ретінде көрсету үшін ұқсас суреттер, сондай-ақ аудио және бейнематериалдар жасау мүмкіндіктерін қолданады.


 Яғни, белгісіз тұлғалар бейнеқоңыраулар арқылы жалған бейне мен дауысты пайдалана отырып, күдікті операцияларды анықтау немесе ақшаның шетелге шығарылу қаупі деген сылтаумен азаматтарды қаражатты шұғыл түрде «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндіреді. Сонымен қатар, ресми хабарламаларға ұқсас етіп жалған хабарламалар мен құжаттарды жіберу, мемлекеттік органдар немесе қаржы ұйымдары өкілдерімен байланыс орнатқандай әсер қалдыратын автоматтандырылған сервистер мен чат-боттарды пайдалану фактілері де кездеседі.


 БЕЙБІТ БІРЖАНОВ, ІІМ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ
 Ішкі істер министрлігі құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ешқашан бейнеқоңырау арқылы ақша аударуды талап етпейтінін, құпия мәліметтерді сұрамайтынын және телефон арқылы қаржылық операциялар жүргізуді ұсынбайтынын ескертеді. Алаяқтықтың алдын алу үшін бейтаныс адамдардың ақша аударуға қатысты нұсқауларын орындамаңыздар, жеке және банк деректерін бермеңіздер, сондай-ақ келіп түскен ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеріңіздер. Барлық алаяқтық фактілері туралы дереу полицияға хабарлау қажет.