Түркістан облысында өзіндік кірістер көлемі ұлғайып, экономикалық көрсеткіштер жақсара түсті. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша облыс бюджетіне түсімдер жоспары 118 %-ға орындалып, қазынаға жоспардан тыс 58,3 млрд теңге түсті.


Облыс әкімдігінің апталық мәжілісінде бюджеттің орындалу барысы мен бекітілген индикаторлар талқыланды. Өзіндік кірістердің нақты түсімі 70,8 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 8 %-ға артқан. Сонымен қатар субвенциялар мен республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер жоспары 100 % орындалды.


Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының мәліметінше, облыстың өзіндік кірістерінің орындалуы республикадағы орташа деңгейден жоғары. Салықтық түсімдер, оның ішінде жеке кәсіпкерлердің табыс салығы мен мүлік салығы бойынша нақты өсім байқалады.


Өңірдің инвестициялық тартымдылығы да артып келеді. Жыл басынан бері облысқа өзге өңірлерден 172 заңды тұлға тіркеліп, бюджетке 394 млн теңге түсім түскен. Бұдан бөлек, 362 жаңа кәсіпорын құрылды. Бюджет шығыстары 315,6 млрд теңгені құрап, 99,4 %-ға игерілді. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, облыстың даму жоспарындағы 17 нысаналы индикатордың 11-і толық орындалған.