Түркістан облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өткен аптада Түркістан қаласында және барлық аудан, қалаларда құрылған жұмысшы топтар базарлар мен сауда орталықтарының аумақтарында тазалық жұмыстарына мониторинг жүргізді.
Сонымен қатар «Таза қала», «Таза ауыл» іс-шаралары ұйымдастырылды. Бұл жұмыстарға 41 мыңнан астам адам қатысып, 272 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 31 мың ағаш отырғызылып, 69 мың ағаш әктеліп, 2 мың тонна қоқыс шығарылды. Ал осы аптада «Таза аула» акциясын өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде айтылды. Облыс басшысы сауда орындары мен қоғамдық орындарда санитарлық-гигиеналық тазалық пен өрт қауіпсіздігі талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ ретсіз саудаға жол бермеуді тапсырды. Сонымен қатар сауда орындарында жиі қоқыс жиналатын орындарды анықтап, бейнебақылау жүйелерін орнату қажеттігін атап өтті. Полиция департаментімен бірлесіп, тұрақты рейдтік іс-шаралар жүргізуді жүктеді. Сондай-ақ өңір көлемінде тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын үздіксіз жүргізу міндеттелді. Жиында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов баяндады. Оның айтуынша, сауда орталықтарындағы санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталу деңгейі сын көтермейді. Бұдан бөлек, жүргізілген мониторинг нәтижесінде техникалық қауіпсіздік шараларының тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеуі және ретсіз сауда сияқты бірқатар кемшіліктер анықталған. Анықталған кемшіліктер бойынша жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді. Өңірде аталған бағдарламаның орындалуы тұрақты бақылауға алынған.