Шымкентте «АЙБЫН» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының іріктеу кезеңі басталды. Шараның негізгі мақсаты – оқушылардың отансүйгіштік сезімін арттыру, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру, ел тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеу.  

 Іріктеу кезеңіне қалалық іріктеуден мүдірмей өткен 14 мектептің 8–11 сынып оқушылары қатысты. Салтанатты ашылу рәсімі Мемлекеттік Туды көтеру және Әнұран орындаумен басталды. Ұйымдастырушылар, басты мақсат жас буынның жігерін жанып, отансүйгіштік сезімін жетілдіру екенін айтады.

Жас сарбаз ұйымының қатысушылары «Айбын» жиыны жас буынға жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтады. Олар мұнда әскери дағдыларды ұштап, оның мән-маңызын талдайды. Қатарластарымен тәжірибе алмасып, білгенімен бөліседі.

 НҰРДАНА ЕРҒАЗЫ, «АРЫСТАН» ПАТРИОТТЫҚ КЛУБЫНЫҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ
«Айбын» жиынына тыңғылықты дайындықпен келдім. Бұған дейін Алматы және Ақтөбе қалаларында өткен жарыстарда жүлделі орындарға ие болғанмын. Бүгін автоматты бөлшектеп-жинақтау, пресс және білім сайыстарына қатысамын. Барлық командаларға сәттілік тілеймін

Жиын барысында қалалық қорғаныс істері жөніндегі департамент пен білім басқармасы басшылары, сондай-ақ қалалық ардагерлер кеңестерінің өкілдері құттықтау сөз сөйледі. Жас буынға сәттілік тілеп, жиынның патриоттық рухты нығайтатынын алға тартты.