Қазақстанда мерзімі өткен несиесі бар кейбір азаматтарға қарызды есептен шығару тәртібі жеңілдетіледі. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.
Қазіргі таңда қарызды есептен шығару үшін екі негізгі талап бар. Азаматтың табысы ең төменгі жалақының екі есесінен аспауы және оның мүлкі болмауы тиіс. Алайда мерзімі өткен берешегі бес жылдан асқан азаматтар үшін бұл шектеулер алынып тасталады. Яғни, мұндай жағдайда азамат табысына және мүлкінің бар-жоғына қарамастан, қарызын есептен шығару үшін өтініш бере алады. Сонымен қатар елде «проактивті банкроттық» деп аталатын жаңа тетік енгізілуде. Бұл жүйе бойынша мемлекеттік органдар банкроттық рәсіміне қатысуы мүмкін азаматтарды өздері анықтайды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі тиісті азаматтарға арнайы хабарлама жолдауды жоспарлап отыр. Мұндай шаралар проблемалық қарыз деңгейін төмендетіп, банкроттық рәсіміне қатысушылар санын арттыруға мүмкіндік береді.