Шымкентте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында кезекті экологиялық іс-шара өтті. Сәуле шағын ауданында ұйымдастырылған науқан барысында қаланың жасыл қорын көбейту мақсатында жүздеген көшет егілді. Шараның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғау.


Ауқымды іс-шара Сәуле шағын ауданындағы №148 жайлы орта мектептің алдында ұйымдастырылды. Науқанға қала белсенділері, мектеп ұжымы және жергілікті тұрғындар бір кісідей атсалысты.


МАРАТБЕК САЙЛАУБЕКҰЛЫ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Ауданымызда осы ай бойы бірнеше жерлерде, саябақтарда ағаш отырғызған болатынбыз


Нәтижесінде белгіленген аумаққа 500 түп ағаш отырғызылып, айналаны абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл шараға арнайы демеушілер де үлес қосты. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруда жергілікті кәсіпкерлердің үлесі ерекше.


 БАУЫРЖАН ҚҰЛЖАНОВ, ДЕМЕУШІ
 Бұл акцияны Наурызнама 10 күндігінде бастағанбыз, қазіргі таңда жалғастырып жатырмыз. Қазірдің өзінде мыңнан аса ағаш отырғызылды.


Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы шаһардың барлық аудандарында жалғасын таппақ. Мұндай игі шаралар тек көгалдандырумен шектелмей, өскелең ұрпақты табиғатты аялауға, тазалықты сақтауға тәрбиелеуге бағытталған. Қазіргі таңда отырғызылған көшеттерді күтіп-баптау жұмыстары жауапты мамандардың бақылауына алынды.