Үшінші мегаполисте «Shymkent Half Marathon–2026» спорттық іс-шарасы өтті. Оған 3 мыңға жуық қала тұрғыны мен қонақтар қатысты. Сондай-ақ марафонда мәслихат депутаттары, танымал спортшылар және өнер жұлдыздары да бақ сынады.
Спорттық іс-шараның өтуіне «AMANAT» партиясы ұйытқы болды. Мақсат – бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау. Көктемгі жүгіруге қатысушылар 5, 10 және 21,1 шақырым қашықтықта бақ сынаса, балалар 500 метрді жүгіріп өтті. Шымкент Сити саябағынан басталған жарысқа қатысушылар Алатау батыр, Әбілқайыр хан, Абылай хан, Түркия және Байынқол көшелері арқылы жүгіріп өтті.
АЙНҰР ТАЛАСБАЕВА, МАРАФОНҒА ҚАТЫСУШЫ
Балаларыммен бірге 2023 жылдан бері барлық балалар марафонына қатысамыз. Өзім 2022 жылдан бері қатысамын. Ешқандай марафонды жібермейміз. Ең бастысы – Шымкент марафонын жібермейміз. Дайындығымыз жақсы, ауа райы керемет. Таңертең ерте бастағандары тіптен жақсы. Үлкен рақмет.
Марафонда ерекше көзге түскендердің бірі – 11-сынып оқушысы Рамазан Өскенәлиев. Ол 5 шақырымдық қашықтықты небәрі 17 минутта жүгіріп өтіп, қарсыластарынан оза шауып, жеңімпаз атанды.
РАМАЗАН ӨСКЕНӘЛИЕВ, МАРАФОНҒА ҚАТЫСУШЫ
Бұған дейін екі жарысқа қатысқанмын. Біреуі Шымкент марафоны, екіншісі осы жарыс. Трасса жеңіл болды. Көңіл-күйім жақсы.
Марафонға қатысушылардың спорттық әлеуеті 30, 40, 50 жасқа дейін және 50 жастан жоғары санаттар бойынша бағаланды. Нәтижесінде үздік шыққан спортшылар арнайы алғыс хаттармен, медальдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
МҰРАТ ЖОЛДЫХОЖАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
«Бүгінгі марафон – тек спорттық жарыс қана емес, бұл – салауатты өмір салтын ұстанатын белсенді қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыру жолында осындай бұқаралық іс-шаралардың рөлі ерекше. Қатысушылардың әрқайсысына сәттілік тілеймін, бастысы – жеңіс емес, белсенділік пен денсаулық!».
Іс-шара барысында қатысушыларға барлық қажетті жағдай жасалды. Жүгірушілерге су мен жеміс-жидек таратылып, көрермендер мен қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.