Шымкентте республикалық экологиялық акция аясында ауқымды жалпы қалалық сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шара қаладағы барлық аудандарды қамтып, ондаған мың тұрғынның қатысуына мүмкіндік берді.


Сенбілікке шамамен 57 мың адам қатысып, 304 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде қала аумағынан 440 тоннадан астам тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылды. Сенбілік барысында көшелер, аулалар, саябақтар мен қоғамдық орындар тазартылып, ирригациялық жүйелер мен арықтар ретке келтірілді. Абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп, жасыл желектерге күтім жасау, ағаштарды әктеу және санитарлық кесу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, шамамен 21 мың тұрғын қала көшелері мен қоғамдық орындарда ағаш отырғызуға қатысты. Бұл бастама қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға және көгалдандыру деңгейін арттыруға елеулі үлес қосты. Айта кету керек, акцияға коммерциялық және әлеуметтік нысандардың қызметкерлері, аудан әкімдіктерінің өкілдері, басқармалар мен аумақтық департаменттердің қызметкерлері де белсенді атсалысты. Бұл сенбілік қаланың санитарлық жағдайын жақсартуда және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызды қадам болды.