1990-жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қаулысымен «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» болып жарияланды. Бұл мереке ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және ардагерлерге қамқорлық көрсететін ерекше күн. Салтанатты іс-шара барысында ауыл ақсақалдары Мырзашөл даласының кешегісі мен бүгінін, тәуелсіз Қазақстан елінің қол жеткізген жетістіктерін айтып, осынау бейбіт заманның негізін қалаған Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевқа, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа өз алғыстарын білдірді.
Сұлтанбек Қасымов – Жолдасбай Ералиев ауылдық округінің әкімі «Қай заманда, қай қоғамда болмасын қарияның аты қария, орыны әрқашан да төрде болмақ. Елдің ынтымағы мен бірлігін сақтап, берекесін асыруда, ұрпақ тәрбиесінде қарттарымыздың рөлі үлкен. Біздің ол кісілерден үйренеріміз әлі көп».
Сонымен қатар, мерекелік дастархан басында аға буын өкілдері өскелең ұрпаққа жақсы менен жаманның аражігін ажырататын өсиетті ақыл-кеңестерін берді. Елдегі ұлтаралық татулық пен саяси тұрақтылықтың сақталуын, қайғысыз күннің түгемеуін тіледі.
Көшербай Оразымбетов - ауыл ақсақалы
«Бүгінгі жас – ертеңгі елдің сенім артқан болашағы. Біз жастарымызға қандай өнеге көрсетіп, қандай тәрбие берсек еліміздің болашағы солай қалыптасады. Сондықтан, ұрпақ тәрбиесінде «сенікі, менікі» деген түсінік болмауы керек. Ол – баршамызға ортақ міндет».
Бар жастық жігері мен күш-қайратын елінің ертеңіне арнап, аянбай еңбек еткен қарттарымыздың төл мерекелерін жоғары деңгейде атап өтуде Арай ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары да өз үлестерін қосып күмбірлете күй төкті, әсем әннен шашу шашты.
Арыстанбек Мырзахметов – Жолдасбай Ералиев ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы
Қариясы бар ел – қазыналы ел. Аталмыш шараның жоғары деңгейде аталып өтуінде қазыналы қарттарымызды құрметтеп, қашан да болса ақыл-кеңестерінің құндылығын қадірлей білетін демеушілер, өзге ұлт өкілдері бір-біріне құрмет көрсетіп, иықтарына ұлттық нақыштағы шапан жапты.
Е. Бөбеев