Түркістанда тұрғын үй саласына инвестиция салуға қызығушылық білдіргендер саны артып отыр. Жақын уақытта заманауи кешендер көбеймек. Түркістанның тұрғын үй нарығына кіруді жоспарлаған «BI Group» холдингі облыс орталығында заманауи тұрғын үй кешендерін салмақ. Дайын баспаналардың несиелік және мемлекеттік бағдарламалармен берілуі қарастылады.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «BI Group» холдингінің өкілдерімен кездесіп, бірқатар жобалармен танысты. Еуропалық брендтермен тығыз жұмыс істейтінін айтқан компания өкілдері инфрақұрылымға басты аса мән беретіндерін жеткізді. Құрылыста ең сапалы құрылыс материалдары пайдаланатынын атап өтті. «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының сүйемелдеуімен немесе бірлесіп жобаны іске асыру мәселесі қарастырылуда. Жаңа баспаналар қаладағы әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтереді. Осы орайда, қажетті өзгертулер енгізіп, салынған үйлердің сапасына мән беруді басты назарда ұстауды міндеттеген облыс әкімі, инфрақұрылым, абаттандыру да назардан тыс қалмауын айтты.  Балаларға арналған алаңшалардың қауіпсіздігіне үлкен көңіл бөлу керек, деген Дархан Сатыбалды сапалы, қолжетімді, халыққа жайлы баспана салу бағытында Түркістанда түрлі жоба-жоспарлар жүзеге асатынын жеткізді. Оның барысы қатаң бақылауда болмақ.