Қала әкімі «Түлкілі сайда» салынып жатқан мемориалдық ғибадатхана құрылысымен танысты. Сондай-ақ, Назарбаев даңғылынан Бәйдібек би даңғылына шығатын оң жақ бұрылысты ұйымдастыру жобасы қаралды. Жоба жүзеге асса, жолдың өткізу қабілеті артып, қозғалыс жүктемесі азаяды. Құрылыс жұмыстарының қауіпсіздік талаптарына сай жүргізілуі тиісті басқармаға тапсырылды.
Әкім Тұран ауданында орналасқан қалалық №15 кешенді олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне барды. Қазіргі таңда бұл мектепте 10 олимпиадалық спорт түрі бойынша 980 жас спортшы жаттығуда. Әкім спорт инфрақұрылымын кеңейту мақсатында мектеп аумағында қосымша жаттығу алаңы мен воркаут аймағын салуды қарастыруды тапсырды. Сапар барысында Еңбекші ауданындағы реновация бағдарламасы аясында Безделев көшесінде салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысы тексерілді. Мердігер ұйымға жұмыстарды жеделдетіп, белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігі ескертілді. Сонымен қатар, «Текесу» шағынауданындағы жол жөндеу және «Азат» тұрғын алабындағы абаттандыру жұмыстарының барысы қаралды. Жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасына жұмыстардың сапасын қамтамасыз ету тапсырылды.