Мегаполисте мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық сайыстар қыза түсті. Көзі нашар көретін спортшылар арасында шахмат және тоғызқұмалақтан турнир ұйымдастырылды. Тартысты доданы арна тілшісі әңгімелейді.
Мұндай жарыстар ерекше жандарға зор қолдау болып қана қоймай, олардың рухын көтереді. Өзара сыр бөлісіп, әңгіме-дүкен құрып, ойларын сергітеді. Ең бастысы – қоғамнан алшақтық сезінбей, ортақ мақсатқа біріктіреді. Қатысушылар да осыны ерекше атап өтті.
БЕКЖАН НҰРАДИН, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
Біз қазір шахмат пен тоғызқұмалақ ойындарына қатысып отырмыз. Бұл ойындардың басты мақсаты -мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үлкен мүмкіндік беру. Қоғаммен араласуға және менталды тұрғыда дамуға жағдай жасайды.
Турнирге қала бойынша 30-ға жуық спортшы жиналды. Жүлде қоры да қомақты: жеңімпаздарға 100-150 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталады. Басқа қатысушылар да құр қол қалмайды – ынталандыру сыйлықтары қарастырылған.
ДАНА ІЗТАЕВА, №19 МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАРҒА АРНАЛҒАН СПОРТ МЕКТЕБІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бірнеше күн бұрын, 9 қыркүйекте, Тоғызқұмалақ күніне арналған флешмобқа қатыстық. Бұл жарыс та жоғары деңгейде өтеді деп сенемін. 14 пен 35 жас аралығындағы жастарды тартып отырмыз.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар мүмкіндігі шектеулі жастарға тек шығармашылық пен спорттағы дарынын көрсетуге ғана емес, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Басты мақсат ерекше жандардың өзіне деген сенімін арттырып, жаңа белестерге жол ашу.