1,7 шақырымдық жаңа жол Шымкенттегі екі бірдей көшедегі кептелісті азайтады. Арғынбеков пен Төлеметов көшелерін жалғайтын Қазиев көшесінің жалғасы салынып жатыр. Қала билігі көлік қозғалысын реттеу үшін жобаны жыл соңына дейін аяқтауды көздеп отыр. Техникалық ашылуы жуырда өтеді. Толығырақ - әріптесімнің материалында.


 НҰРЛАН ПАЙЗОВ, ТІЛШІ

 Қазиев көшесінің жалғасын салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Арғынбеков пен Төлеметов көшелерін байланыстыратын 1,7 шақырымдық учаскенің 1 шақырымына асфальт төселіп, желілік жүйелер қалыпқа келтірілген.


Береке корпорациясы жүргізіп жатқан құрылыс биыл наурызда басталған. Жыл соңына дейін толық пайдалануға беру жоспарланған. Жол құрылысы үшін мемлекет меншігіне қайтарылуға тиіс төрт үйдің үшеуі бұзылып, аумақ жол жабындысына дайындалуда.


 ЕРКЕБҰЛАН ӨСЕРБАЕВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ

Бұл көше Бәйдібек би мен Өтегенов көшелеріндегі кептелісті азайтуға арналған. 1,7 шақырымның 1,2 шақырымына екі қабатты асфальт жабындысын төседік. Үш үй мемлекет меншігіне қайтарылып, орны тазартылды.


Ені - 14 метр, екі жолақты жолдың асфальт қалыңдығы - 27 см. Жаяу жүргіншілер жолақтары мен лотоктар орнатылып, барлық инженерлік желілер тартылған. Тек жоғары кернеулі электр желілері жұмысты баяулатуда. Дегенмен жауаптылар мерзімінде бітіреміз деп сендірді.


 НҰРБОЛ ҚОЖАБЕКОВ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ

Қалада 18 құрылыс жобасы атқарылуда, соның 12-сін биыл тапсыру жоспарланған. Қазиев көшесінің 60%-ы орындалды, қалған 600 метрді жыл соңына дейін аяқтап, көлік қозғалысына ашамыз.


Жобаға қала бюджетінен 2 млрд теңге бөлінген, оның 1,5 млрд теңгесі игерілген. Жаңа көше пайдалануға берілген соң, орталық көшелердегі кептеліс айтарлықтай азаяды деп күтілуде.