Шымкентте 2022-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында жылу жүйелерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бағдарлама Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен қала әкімдігінің бірлесуімен жүзеге асырылып жатыр. Жылу жүйесін жаңартуға 82 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген.
«Қуатжылуорталық-3» кәсіпорны Шымкенттегі жылу жүйелерінің 100 пайызын қамтамасыз етеді. Қазір көпқабатты үйлердің құбырлары ауыстырылып, сығындау жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Күншығыс шағынауданындағы №11, 11а және 106-шы үйлердің жылу желілері қайта құрылып, 16 миллион теңге жұмсалған.
АЙДАР ҚАЛДЫКӨЗОВ, «ҚУАТЖЫЛУОРТАЛЫҚ-3» МКК ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бекітілген бағдарламада 84 миллион теңге қарастырылған. Сол қаржы 5 жылға бөлініп отыр. Биыл 16 миллион теңгеге 454 метр жылу құбырын қайта жүргіздік. Бұрын ескірген, ақау шығаратын құбырларды толық ауыстырып, сапалы жылу жеткізіліп отыр.
Атқарылған жұмыстарды монополияларды реттеу мамандары қадағалап келеді. Инвестициялық бағдарламаны іске асыру барысында жылу желілеріндегі апаттар саны 29,4 пайызға азайып, ысырап көлемі 0,1 пайызға төмендеген. Нәтижесінде жылу жеткізу сапасы жақсарған.
БАҚЫТЖАН ПОЗИЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ
Сыртқа кетіп жатқан жылуды 0,1 пайызға төмендету - үлкен жетістік. Құбырлардың бәрі жөндеуден өтеді. Бұл - реинвестиция. Әрине, менің ойымша бөлінген қаржы жеткіліксіз болуы мүмкін. Монополистермен сөйлескенде, жыл сайын қаржы көлемі артып отыратынын айтады. Бұл -бастамасы ғана. Ең бастысы тұтынушы, мейлі ол балабақша, мектеп немесе аурухана болсын, барлығында жылу болуы керек.
Айта кетейік, 2025 жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында 454 метр құбыр жаңартылып, 16 миллион теңгенің 4 миллионы үнемделген.