Сенаторлар Мемлекет басшысының жолдауында жүктелген міндеттерді іске асыру барысын талқылады. Президент тапсырмаларын негізге ала отырып, палата депутаттары еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды реформаларды іске асыруға баса мән беруі тиіс,-деді Мәулен Әшімбаев. Сондай-ақ әріптестерін алдағы уақытта тиісті заңнамаларды қабылдап, осы бағыттарда белсенді жұмыс істеуге шақырды.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Мемлекет басшысы Қазақстан үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналуы керек деп нақты мақсат қойды. Сонымен қатар, жолдауда инвестициялық саясатқа да баса назар аударылды. Парламенттік реформа – Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру және демократиялық институттар мен тетіктерді нығайту жолындағы байыпты бағдарының логикалық жалғасы екені анық. Жалпы, Президентіміздің биылғы Жолдауын Қазақстанды жаңғыртудың жаңа замандағы кешенді жол картасы деп қабылдаймыз.
СЕНАТ ASTANA HUB-ҚА ҚАТЫСТЫ ЗАҢДЫ МАҚҰЛДАДЫ
Сонымен қатар, Сенат отырысында инновациялық қызметті қолдау және мемлекеттік статистика саласына өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасы талқыланды. Енді Astana Hub Инновациялық технологиялар паркімен бірігеді. Жаңашыл идеяларды дамытуға бағытталған құжат екі оқылымда қаралып, мақұлданды. 2 Кодекске және 10 заңға өзгерістер енгізілмек. Сондай-ақ Astana Hub базасында ұлттық инновациялық жүйенің бірыңғай терезесін дамытатын цифрлық платформа жасақталады.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Түзетулер аясында бірыңғай инновациялық кластер құру көзделіп отыр. Осыған байланысты «Astana Hub» пен «Инновациялық технологиялар паркі» кластерлік қорын біріктіру және олардың қатысушылары үшін бірыңғай құқықтық орта құру қарастырылды. Құжатта инновациялық қызметті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға қажетті өзге де шаралар қамтылған. Заңның қабылдануы отандық инновациялық саланың дамуына және ел экономикасының ілгерілеуіне тың серпін береді деп сенеміз.