Шымкентте ерекше жастар арасында үстел теннисінен турнир өтіп жатыр. №19 мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің 15-ке жуық тәрбиеленушісі кіл мықтыны анықтау үшін өзара бақ сынасуда. Жарысты қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырды.


Спорттық іс-шара ерекше күтімді қажет ететін жастардың шығармашылығы мен спорттағы жетістіктерін қолдауға бағытталған мәдени-әлеуметтік жоба аясында өтуде. Қатысушылар бұған дейін еліміздің әр өңірінде өткен жарыстарда жеңімпаз атанған.


МАДИНА ХАЛМҰРАТОВА, САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ

Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 мектеп-интернатынанмын. Бала кезімнен теннистен чемпион болуды армандаймын. Бұл турнирден де, басқа қалаларда да жеңімпаз болғым келеді. Үйірмедегі дайындығым жақсы, 9 жасымнан бері тенниске қатысып келемін. Қатысқаныма еш өкінбеймін.


Турнир екі күнге созылады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 12 қыркүйекке жоспарланған. Сол күні ұйымдастырушылар шығармашылық кеш пен қолөнер көрмесін өткізбек.


ҚУАТБЕК ТИЛХАЗИЕВ, №19 МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАРҒА АРНАЛҒАН СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ

 Бүгінгі іс-шарада құлағы естімейтін балаларға арналған үстел теннисі турнирі өтуде. 15 оқушы қатысып жатыр. Биыл Ақтөбе облысында өткен 21 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионатында команда болып үшінші орын алдық. Бірақ біз бұған қанағаттанбаймыз, келесі жылы үлкен жүлдені жеңіп алуға тырысамыз.


Жеңімпаз спортшы 150 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы алады. Екінші орын иегеріне 100 мың теңге, үшінші орын жеңімпазына 50 мың теңге табысталады. Айта кетейік, жарыстың бас жүлде иесі 1-5 қазан аралығында Астанада өтетін республикалық турнирге жолдама ұтып алады.