Шымкентте Отандық және ТМД елдері мен алыс жақын шетелден келген 80-ге жуық кардиохирург бас қосты. Халықаралық конгресс қаладағы жүрек орталығының 25 жылдығына орайластырылған. Онда жиылған жетекші мамандар өзара тәжірибе алмасып, соңғы уақытта өршіп тұрған жүрек қан тамырлары ауруларын емдеудің тың тәсілдерімен бөліспек. Конгрестің басы-қасында болып қайтқан әріптесіміз Шынар Әуелбай толықтырсын.
Конгресс жетекші мамандар мен аты әйгілі ғалымдар үшін келіссөз алаңына айналғандай. Алдымен Ұлттық ғылым академиясы мен «Шымкент жүрек орталығы» өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісім аймақтағы ғылыми әріптестікті нығайтумен қатар кардиология саласындағы зерттеулерді дамытуға бағытталған.
АҚЫЛБЕК КҮРІШБАЕВ, ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Бізге жетпейтіні компетенциялар бізге жетпейтін ғылыми бағыттарды қайтадан қалыптастыруымыз керек. Бұл өте маңызды. Соныдықтан, Ұлттық ғылым академиясының негізгі мақсатының бірі бізде жоқ жаңа институттарды ғылыми бағыттарды қайтадан қалыптастыру. Орта Азия мемлекеттерінің арасында біз алда жүрміз .Бірақ заманауи технологиялармен енгізуіміз керек. Көштен қалмауымыз керек. Істейтін жұмыс көп. Сондықтан ғылым инновациялардың негізінде бұл саланы дамытуымыз керек.
Бүгінде әлем елдері медицинасы жаңашылдыққа бет бұрған. Шымкент медицинасы да цифрландыру бағытында қарқын алып келеді. Тіпті шаһарға ТМД елдерінен арнайы ат басын бұрып, ота жасататындар саны артқан. Ал, сала мамандары соңғы жылдары елде жүрек қан тамыр аурулары көбейгенін айтып дабыл қағып отыр. Әсіресе, еңбекке жарамды халық пен жастар арасындағы жүрек аурулары жыл сайын 5-7 пайызға дейін өсіп отыратын көрінеді.
ГҮЛЬМИРА АЛИПОВА, «ШЫМКЕНТ ЖҮРЕК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ» ЕМДЕУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ
Превентивный кордиология жағынан ауруды болдыртпай алдын ала жаңа ғылыми әртүрлі әдістемелермен біз өзімізде Шымкент қаласындағы тұрғындарға ауруды болдыртпау жағы да ғылыми үлкен проекттерді бірге жүргіземіз дегн алға қойған мақсаттарымыз бар.
Бұдан бөлек, «Шымкент жүрек орталығы» базасында «Кардиологиялық перспективалық зерттеулер» орталығы ашылды. Бұл Қазақстандағы медициналық ғылымды дамыту мен өңірдің ғылыми әлеуетін нығайтудағы маңызды қадам дейді сала мамандары.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Жүрек орталығы бүгінде заманауи технологияларды қолдану арқылы халықаралық мамандарды дайындайтын ірі мекемеге айналып отыр. Қала әкімдігі әрдайым медицина саласындағы игі бастамаларды қолдап, инфрақұрылым мен туризмді дамытуға ерекше көңіл бөледі.
Үш күнге жалғасатын конгрессте ең күрделі деген кардиохирургиялық оталарды елдегі жетекші мамандар жасап, шеберлік сағаттарын өткізеді.