Шымкент қаласында орналасқан «Строй Констракшн» зауыты – еліміздің құрылыс саласында сапалы өнім шығарумен танылған ірі кәсіпорындардың бірі. Мұнда жүздеген адам еңбек етіп, өндіріс қарқынын күшейтіп келеді. Солардың қатарында жас болса да, табандылығымен ерекшеленген азамат – 22 жасар Азамат ЖҰМАБЕК.


Азамат студент кезінен бастап осы зауытта жұмыс істеп келеді. Бүгінде ол логист әрі сату бөлімінің маманы ретінде екі саланы қатар алып жүр. Бұл – оңай іс емес. Бір жағынан дайын өнімнің дұрыс сақталуын, жеткізілуін, уақытылы тасымалдануын қадағаласа, екінші жағынан сатып алушылармен байланыс орнатып, нарықтағы сұранысты зерттейді. Жас маманның еңбегі осылайша өндірістің үздіксіз жүріп, өнімнің тұтынушыға дер кезінде жетуіне ықпал етуде.


АЗАМАТ ЖҰМАБЕК, ЛОГИСТ

Мен өзім логистика саласының қалай жұмыс істейтінін бала кезімнен қызығатынмын. Солай жүріп, осы мамандықта оқыдым. Студент кезімде осы жерге келіп құжат тапсырып, жалпы жұмысты жедел меңгеріп кеттім деп сеніммен айта аламын.


Азаматтың әр күні қарбаласпен өтеді. Таңғы уақытын зауыттағы логистикалық жұмыстарға арнап, кешкісін сату бөлімінің міндеттерін атқарады. Оның айтуынша, еңбекке ерте араласу – өмір мектебі, тәжірибе жинаудың ең сенімді жолы. «Жұмысқа деген құлшынысым мен жауапкершілік сезімім маған шабыт береді. Әр істің соңында нәтиже көру – ең үлкен қуаныш», – дейді ол.


АЗАМАТ ЖҰМАБЕК, ЛОГИСТ

Біз әріптестерімізбен келісіп алғанбыз. Негізінен кез-келген жұмыста жұмысшыны ұстап тұратын нәрсе – ол жалақы. Жалақымыз да жаман емес біздің. Біз осы жерден нан тауып жүрген соң еңбекке де адал болуға тырысамыз.


Азамат Жұмабек – еңбек адамының бүгінгі бейнесі. Оның табандылығы, тынымсыз ізденісі, кәсібіне деген шынайы ықыласы өзгелерге үлгі боларлықтай. Жас болса да, үлкен жауапкершілік арқалап жүрген ол, алдағы уақытта еліміздің логистика саласының дамуына өз үлесін қоса беретініне сенім мол.