Шымкентте қазақ күресінен дәстүрлі «Шымкент барысы – 2025» турнирі өтті. Аса ауыр салмақтағы дода биыл 13-ші рет ұйымдастырылды. Жарысқа өңірдің ең үздік 20 балуаны қатысып, республикалық «Қазақстан барысы» турниріне жолдама үшін бозкілемде бақ сынады.


Бірінші белдесуінде жеңіске жеткен Тоқтыбай Талант бұл турнирге ұзақ дайындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, жарысқа қатысу кәсіби тәжірибесін шыңдау және жоғары нәтижеге жетудің маңызды баспалдағы.


 ТОҚТЫБАЙ ТАЛАНТ,САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ

Бүгін бірінші белдестім, дайындық жақсы. Бірінші кездесу қиын болды. Барыс аттанам деген үміттемін.


Жарысты тамашалауға келген жанкүйерлер үшін турнир тек спорттық шара ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды оқиға болды.


БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Батырларымыз спортты ғана дамытып жатқан жоқ. Келешек ұрпаққа жас буындарға өзіміздің қазақи рухты көтеріп жатыр деп айтуға болады.


 Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, жарыстың басты мақсаты үздік балуандарды анықтап қана қоймай, қазақ күресінің беделін арттыру. Жас спортшыларға мүмкіндік беру.


ЕРМЕК ДӘРМЕНОВ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ

Шараның негізгі мақсаты дәстүрлі жылда болып жатқан іс-шара. Қазан айында Қазақстан барысы өтед. Соған іріктеу жарысы.


Сайыс қорытындысы бойынша, «Шымкент барысы – 2025» атағы мен айбынды белбеу Қожагелдіұлы Нұрсұлтанға бұйырды. Күміс жүлдені Әбдімәліков Мейіржан иеленсе, Құрал Мадияр үшінші орынға табан тіреді. Жеңімпаздар республикалық додада өңір намысын қорғайтын болады.