Ашық аспан астында бой сергітіп, кітап оқығыңыз келсе – түнгі кітапханаға келіңіз. Бұл жолғы кеш Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналды. «Желсіз түнде жарық ай» тақырыбымен поэтикалық кеш өтті. Ән айтылып, жыр төгілді.


 Іс-шара Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен өтті. Ж. Шанин атындағы академиялық драма театрының әртістері «Абай ауылы» атты музыкалық театрландырылған көрініс қойды, ал «Қызғалдақ» сарайының жезтаңдай әншілері ақынның әсем әндерін нақышына келтіріп орындады.


МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Түнгі кітапхана жобасы елімізде бірнеше өңірде жүзеге асырылмай отыр. Алғашқы тәжірибе Алматы қаласында Жамбыл атындағы кітапханада басталды. Президенттің бастамасымен бұл жобаны басқа өңірлерде де дамытуға ерекше назар аударылды.


Кеш барысында өңірімізге белгілі қаламгерлер ұлы ақынның мұралары ескірмейтінін айтып, жастарды Абай шығармашылығын тереңірек оқуға шақырды.


СҰЛУШАШ БЕКМЫРЗАҚЫЗЫ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ

Мектеп пен ЖОО-да Абайтану сабақтары өткізіледі. Абайды оқу – өмірді тану, мәнді өмір сүрудің жолын үйретеді. Ол жастарды ақын болуға емес, білімді болуға шақырады. Білім ғана қоғамды дамытып, өркениетке жетелейді.


Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Абай әлемі» байқауының жүлдегерлері ақынның қара сөздері мен өлеңдерін жатқа оқыды. Кеш соңында кітапхана басшысы Анар Абусайылқызы көрерменге алғысын айтып, рухани шабыт сыйлаған кешті қорытындылады.