Шымкент көшелерінде тұрғындар өз мәселелерін тікелей жеткізді. «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында AMANAT партиясы көшпелі қабылдау ұйымдастырып, сала мамандары азаматтардың арыз-шағымдары мен өтініштерін тыңдады.

Қоғамдық қабылдау барысында тұрғындар еңбек қатынастары, әлеуметтік төлемдер, тұрғын үй және жер қатынастары сияқты мәселелер бойынша мамандардан кеңес алды. Көптеген өтініш бірден шешімін тапса, күрделі сұрақтар тиісті мемлекеттік органдарға жолданды.


ЕРБАТЫР ӘЛІМОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Көшеміздің жарығын сұрап келіп отырмын. Аманатта барлық үмітіміз. Ауданымызда болып жатқан мәселені айтам. Жарықтар толыққанды қосылмай қалды, қараңғы болып тұр.


Мұндай көшпелі қабылдаулардың басты мақсаты - халықтың мәселесін дер кезінде шешіп, құқықтық қолдауды қолжетімді ету. Биыл Шымкентте мыңнан астам тұрғын қоғамдық қабылдауға жүгінген.


САҒЫНДЫҚ ЖЫЛҚЫБАЕВ, ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІНІҢ КЕҢЕСШІСІ

Мәселелер өте көп. Азаматтар көшенің жарығы, суы, асфальты жайлы айтып келеді. Жеке мәселелер бойынша да шағымдар бар – мысалы, алаяқтарға алданып, үйін немесе құжаттарын біреудің атына рәсімдеп қою жағдайлары жиі кездеседі.

 

AMANAT партиясы өңірлердегі қоғамдық қабылдау жұмыстары арқылы халық пен билік арасындағы көпірге айналып отыр. Жүйелі қабылдаулардың нәтижесінде көптеген әлеуметтік түйткілдер шешіліп, азаматтардың құқықтық сауаттылығы артып келеді.