Шымкент қаласы «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы Алтай төрінде ұлттық дәстүр-салтты насихатады. «Дәстүр сабақтастығы – мәдениеттің кепілі» атты танымдық шарасы Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласында өтті. Мақсат қазақ халқының ұлттық мұрасын заманауи үлгіде жаңғырту, көне дәстүрлерді бүгінгі қоғам өміріне бейімдеп, жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру.
Өнер музейінде өткен танымдық шарада құрсақ шашу, ат қою, шілде күзету, тұсау кесу, айдар қою, үш кемпірдің астынан өткізу сонымен қатар жақсының орнына аунату сынды салт-дәстүрлер насихатталды. Оның ішінде тұсау кесу ғұрпын арнайы сахналады.
ЕСЕНБАЙ НАҚТЫБАЙҰЛЫ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ӨНЕР МУЗЕЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Біздің халқымыздың ұмыт бола бастаған, тіпті қазір қолданыста жоқ болып бара жатқан салт-дәстүрімізді жаңғыртып, көпшілік көрерменнің назарына ұсынып отыр. Әсіресе жас ұрпақтарымызға бұның тәрбиелік мәнісі зор. Жаңа тамашалап өткен бүкіл сал-дәстүрлер қазір қоғамда той жағдайында жасалғаны болмаса, әулет отырысында, үй жағдайында қолданыстан қалып бара жатқан дүние. Қайтадан жаңғыртып, қайта сабақтап, үйретіп жатқан осы орталыққа алғысымызды білдіреміз.
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы дәстүр сабақтастығын жалғастыру арқылы ұлт рухын сақтау және қазақ халқының рухани байлығын құндылық ретінде насихаттауды көздейді. Өскемендіктер насихатталған салт-дәстүрлер ішінде өңірге таңсық болғандары барын айтады.
КҮЛИЯ БАТЫРХАНҚЫЗЫ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ҚАСЫМ ҚАЙСЕНОВ КЕНТІ ӘЖЕЛЕР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ
Сіздерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қай қашанда осы ұрпақтарға салт санамызды жалғастырып, дәріптеп қоян-қолтық араласып, сіздердің білмегенді біз біліп, біздің білмегенді сіздер біліп алтын көпір болып бұдан әрі жалғаса беруіне тілектеспіз. Сіздерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ, көп рақмет.
Шара ұйымдастырушылары қазіргі таңда жас ұрпақтың санасында дәстүр мен салтқа деген көзқарастың әлсіреп, кейбір ұлттық құндылықтардың ұмыт бола бастауы байқалатынын жеткізді. Сондықтан, ұмыт қалған немесе сирек қолданылатын дәстүрлерді қайта жаңғырту маңызды екенін айтады. Орталықтың бұндай танымдық іс-шаралармен еліміздің басқа өңірлеріне бару жоспарда бар.