Оқушылар «25 мамырда соңғы қоңырау соғылмады» деп мұңайып жүр. Оларда, бәлкім, біздегідей ностальгия болмайтын да шығар?! Кім білсін? Ал орта буын мектеп бітіргеніне 10-20 жыл өткенін тойлауды бастап кетті. Одан да қызығы бар. Төлеби ауданының 1973 жылғы түлектері 50 жылдық кешін атап өтті. Жастары жетпіске жеткен аға буын өз тойларын неге елге жариялап отыр? Арнамызға эксклюзивті сұхбат берудегі мақсаттары қандай? Біліп келдік.

 Иә, бұл жандар мектеп оқығанда заман мүлде басқа болатын. Ердей 50 жылда небір ғасырда болмаған өзгерістер өтті. Мектеппен қоштасып жатқанда түлектер алыстағы жақындарынан бір мезетте хат алып, бейнеқоңырау арқылы сөйлесе алатындарын білмеді. Себебі, ол кездегі буын сыныптастарын сағынып, тіпті ешқашан көрмей де өмірден өтетін. Ал қазір, ортақ чат ашып, күн сайын тілдесе беруге болады.

 Олар 50 жыл бұрын сол кездегі Ленгер, қазіргі Төлеби ауданы, Қасқасу ауылының жастары еді. Бұрынғы Куйбышев атындағы, қазіргі Б. Түлкиев мектебін тәмамдаған кездері. Бәрі жан-жаққа тарап кеткен. Бірін-бірі сол кезден бері көрмегендер бар. Сәті түспепті. Алайда, осы жолы 100 пайыз жиналамыз деп уағдаласқан. Әрине, бұл күнге жете алмаған жолдастары да жоқ емес. Түлектер марқұм ұстаздары мен достарының рухына құран бағыштады.   

 Кездесу күн ұзаққа созылды. Белсенді демалыс, шомылу, шүйіркелесіп, шер тарқату, түрлі ойындар ұйымдастырылған.

 Ал күн ауа бітіру кешінің стиліндегі жиында бас қосты. Жастық шағы 70-80 жылдарға сәйкес келген аға-әпкелер кешті келер ұрпаққа үлгі ретінде өткізіп отыр. Өмірдің қадірін, бейбіт күннің, балғын шақтың бақытын сезінсін, білсін деп ескертуден жалықпайды.