Елімізде бірнеше ай бұрын басталған «Ұлттық сезім» флешмобы ауқымын кеңейтіп жатыр. Қолдаушылар қатарына шымкенттік санитария мамандары да қосылды. Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері жұмада жұмысқа ұлттық киім киіп, қазақы әшекей-бұйымдарын тағып келді.
 Ұлттық киімді дәріптеуді мақсат еткен «Ұлттық сезім» жобасы Шымкентте кеңінен қолдауға ие болды. Ата-бабаларымыздың дәстүрлері мен тарихы арқылы қазақы бұйымды брендке айналдыруға түрлі саланың мамандары үлес қосып жатыр.
 Департамент «Ұлттық сезім» челенджі туралы біздің, яғни «Оңтүстік» телеарнасының әлеуметтік желідегі парақшаларынан көріп, қолдауға білдіруге қызығушылық танытқан. Осылайша, мекеме аптаның жұмасын ұлттық дресс-код күні деп жариялап,  40-тан астам қызметкері қазақша үлгіде киініп, жұмыс істеп жатыр. «Ұлттық сезім» – ұлттық киімнің сән-салтанатын көрсететін жалпыұлттық флешмобы. Бастама қазақ мәдениетін насихаттауға, халықты біртұтас коғамдастықтың бөлігі болуға және ұлттық бірегейлікті жандандыруға өз үлесін қосуға шабыттандырады.