Түркістан облысында шетелдік инвесторлармен В2В форматында кездесу өтті. Оған 20-ға жуық инвестор қатысып, 311 млрд теңге көлеміндегі 35 меморандумға қол қойылды. Келісім «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» іс-шарасының нәтижесін көрсетіп отыр.

Қытайлық инвестор жеделсаты шығаратын зауыт ашу ұсынысын жеткізді. Қазақстандағы және көрші елдердегі нарықты зерттеп, Түркістан облысында жұмысын бастағысы келетінін айтты. Аймақта кілем, перде және түсқағаз шығаратын өндіріс орнын ашуға ниеттілер де кездесті. Халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға қауқарлы компания өкілдеріне тиісті қолдау көрсетілетіні айтылды. Бетпе-бет жүздесуде сиыр және тауық етін өндіріп, экспорттау, тауық жемін шығаратын цех ашу, электр қуатын өндіру, үлкен музыкалық субұрқақтар, жарық пен көлеңке шоулары, ғимараттарды сыртқы жарықтандыру жобалары ұсынылды. Сондай-ақ құрылыс, логистика, тұрмыстық заттар шығару және өзге де салалар бойынша келіссөздер жүргізілді. Түркістан облысында негізгі каптиталға тартылған инвестиция көлемі былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 972 млрд теңгені құрап, триллионға жуықтаған. Бұл көрсеткіштер аймақта өндірістің дамып, өнеркәсіптің дамып жатқанын айғақтайды. Өңірде былтыр өңдеу өнеркәсібінде 20 инвестициялық жоба толық іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Облыста өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жалғасады.