Оңтүстік телеарнасында биыл 8 бірдей жаңа бағдарлама жарық көрді. Әлеуметтік, мәдени және ойын-сауықтық бағытындағы бұл жобалар аз уақыттың ішінде көрерменін қалыптастырып үлгерді. Ал, тікелей эфир форматындағы ток-шоулар мен пікірталас алаңдары халықтың сенімін арттырып отыр.
Жаңа маусымда эфирге жол тартқан жобаның бірі - «Үміт» ток-шоуы.
Бағдарламада әйел тағдыры талқыға түседі. Оның табиғаты мен болмысын зерттеп, мәселесін сараптайды. Сүргінгенді демеп, адасқанға жөн сілтеп, амалсызға үміт сыйлаған бұл бағдарлама аз уақыттың ішінде көрермен көзайымына айналып үлгерді.
Биыл арнада өнер иелерінің көпшілік біле бермейтін сырын ашқан «Өнерлі өлке», тындырымды тірлігімен көзге түскен отандық өнім өндірушілерді дәріптейтін «Ең үздік», әскерилердің өмірін боямасыз, қаз қалпында жеткізетін «Сарбаз» сынды 8 бірдей жаңа бағдарлама жарыққа шықты. Олардың форматы әртүрлі болғанымен мақсаты бір. Көзіқарақты көрерменге пайдалы контент жасау.
Теларанада ақпараттық, мәдени, танымдық және ойын-сауықтық мазмұнды 30-ға жуық бардарлама бар. Олардың тақырыптарына сәйкес студияның безендірілуіне баса мән берілген. Биыл «Таң нұры» ақпаратты- сазды барғарламасы аймақтық телеарналар арасында декорациясымен ерекшеленіп, «Үздік студия» номинациясын иеленді.
“Оңтүстік” телеарнасы – еліміздегі үшінші мегаполистің айнасы іспетті. Ол өңірдің мәдениеті мен тарихын дәріптеп, қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуге атсалысып келеді. Телеарна өз аудиториясын алдағы жылы да жаңа жетістіктермен қуантуды жалғастыра бермек.