Билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналған «Оңтүстік» телеарнасы жылды толағай табыспен аяқтады. Жаңа маусымдағы тың жобалар мен алға қойған жоспарлар шығармашыл ортаның даму қарқынын арттырып, көрерменге сапалы сюжет ұсынуға мүмкіндік берді.

«Оңтүстік» телеарнасы 2024 жылды мазмұнды бағдарламалар мен тың жаңалықтарға толы етіп, аймақтағы ең танымал медиа алаңының бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. 4 мезгіл тікелей эфирде ақпарат таратып отырған арнада қоғамдағы маңызды мәселелер көтеріліп, қала тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыруда тілшілер қауымы барын салды.

 Халықты саяси, экономикалық, мәдени және экологиялық, әлеуметтік, сондай-ақ, спорт жаңалықтарымен құлағдар етуде тынбай жұмыс істеп келеді. Бұл ретте қала тұрғындарының қоғамдағы түрлі жағдайларға қатысты көзқарастары мен пікірлері ұмыт қалмаған.
Әрбір ақпарат телеарнаның ресми сайтына салынып, әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланады. Эксклюзивті бейнематериалдар қоғамның қызу талқысына түсіп, резонанс тудырды. Жыл басында 9 мың оқырман тіркелген тиктоктың қаралымы көбейіп 44 мың адамға жетсе, инстаграм парақшада оқырман саны 47 мыңнан асқан. Ал, Ютуб арнасы күміс батырманы иеленді.

 “Оңтүстік” телеарнасы жаңа жылда да жаңашылдыққа толы мазмұнмен көрермендерге қуаныш сыйлауды мақсат етеді. Аймақ тұрғындары үшін маңызды әрі пайдалы ақпарат ұсынатын арнаның жетістіктері алдағы жылы да арта түсері сөзсіз. “Оңтүстік” телеарнасы әрбір үйдің төрінде қосулы болсын!