Тәулік бойы тынбайтындар. Қазақстанда 10-нан саланың мыңдаған маманы осылай жұмыс істейді. Олар күн, түн демей еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосып жатыр. Солардың бірі – халыққа қызмет етуді өмірлік мақсаты деп таңдаған қонақүй сервисі және қызмет көрсету саласының мамандары. Мереке күндері олардың жұмысы қалай өзгереді екен? Лаура Сарман сұрап қайтты.
Жаңа жыл алдындағы қарбалас, мерекелік атмосфера. Мұның бәрі қонақ үйдің ішінде бар. Мұндағы қызметкерлер кез-келген қонақтың сапарында жағымды әсер қалдыруға жауапты жандар. Олар тәулік бойы тынымсыз еңбек етіп, Шымкенттің имиджін жақсартуға барын салады.
БЕКБОЛАТ СӘРСЕНБЕК – САТУ БӨЛІМІНІҢ АГЕНТІ
«График 12 сағат болады. Түнгі смена әсіресе... Кешкі, командировкаға келетін қонақтарды қабылдаймыз, олар енді өздерінің жұмыстарымен. Шетелдік қонақтарды жиі қабылдаймыз. Шымкент дамып жатқан қала. Соның бәрін жан-жақты көрсетеміз»
Әсел Үкашаева осы салада өзін тапқан жандардың бірі. Жұмысын сүйіп орындайды. Кейде түнгі ауысымға, мереке күндері де жұмысқа шығады. Көңіл күйін түсірудің орнына, мұндай кездегі мерекелік атмосфера шабыттандыратынын жасырмайды. Жаңа жыл қарсаңында сапарлап келген туристер мен демалушыларға ерекше көңіл күй сыйлауға тырысады.
ӘСЕЛ ҮКАШАЕВА, ҚОНАҚ ҮЙ ҚЫЗМЕТКЕРІ
«Түнгі ауысымға шығып тұрамыз, мереке күндері шыққан кездер де болды. Мереке күндері адам аздау болады, бірақ әрдайым қонақ біз үшін маңызды болғандықтан, есіктен кіріп келгеннен біз қонақтарға қуанып тұрамыз. Түнгі ауысым енді сәл қиындау»
24/7 режимінде жұмыс істейтін қызмет көрсету орындарында қызметкерлер алып жанұяға айналады. Әркімнің өз орны бар. Ресепшн ақпарат береді, қонақтарды қарсы алады, асхана мен тазалық қызметкерлері жайлы орта қалыптастырады, қауіпсіздік мамандары демалушылардың тыныштығын қамтамасыз етеді.
МЕЙІРБЕК САРЫМБЕТОВ, ДАЯШЫ
«Бізде маңыздысы – қонаққа күліп қарау. Егер біз қонаққа таң атқан кезде жақсы көңіл күй сыйлай алсақ, олардың күні бойы солай өтеді, ал біз түрімізді жинап алып жүрсек, олардың да көңіл күй өзгереді»
Елімізде денсаулық сақтау саласында, құқық қорғау мен қауіпсіздік, транспорт, логистика, энергетика мен коммуналдық қызметтер, қызмет көрсету саласы, байланыс және ақпараттық технологиялар, өнеркәсіп, өндіріс, әскери қызметкерлер тәулік бойы жұмыс істейді. Олардың қызметі үздіксіз әрі аса жауапты.