Мереке күндері Түркістан облысында қауіпсіздік шаралары жанданып, тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істейді. Бұл мәселе облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Төтенше жағдайлар департаменті мен Полиция департаменті өкілдерінің баяндамалары мен ұсыныстарын тыңдады.
Полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп, 106 рет рейд жүргізген. Нәтижесінде пиротехникалық өнімнің рұқсат етілмеген саудасын жүргізген 154 тұлғаға айыппұл салынған.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында және оларды өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында іс-шаралар өтетін 1184 объектінің тізімі қалыптастырылды. Түркістан облысы аумағындағы орталық алаңдарда көлемі үлкен 19 шырша орнатылған. Оларды төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері тұрақты бақылауда. Мерекелік іс-шаралар өтетін 560 нысанның жедел жоспарлары түзетілді. Жоспардан тыс 69 рет өртке қарсы тактикалық сабақтар мен жаттығулар жүргізілген.