Жаңа жыл алдындағы қарбалас, мерекелік көңіл күй қуанышты сәтке толы ерекше уақыт. Алайда, дәл осы мейрам күндері жедел жәрдем қызметіне түсетін қоңырау саны айтарлықтай артады. Шымкент қаласындағы жедел жәрдем станциясының мәліметіне сүйенсек, жиі тіркелетін жайттар көшінде пиротехникалық бұйымдарды дұрыс қолданбау салдарынан болатын жарақаттар тұр.
Артық тамақ жеу, сапасыз немесе уақыты өткен өнімдерді пайдалану салдарынан асқазан-ішек жолдарының бұзылуы жиі кездеседі. Әсіресе, майонез қосылған салаттар мен теңіз өнімдерінен дайындалған тағамдар улануға себеп болуы мүмкін. Спирттік ішімдікті мөлшерден тыс тұтыну салдарынан алкогольдік интоксикация жағдайлары тіркеледі. Бұл бауыр, жүрек-қан тамыр жүйесіне ауыр салмақ түсіреді. Пиротехникалық заттарды дұрыс қолданбау салдарынан күйік шалу, жарақат алу жағдайлары жиі тіркеледі. Балалардың пиротехникалық бұйымдарымен ойнауы да қауіпті.
Шымкентте ауа райы жылы болғанымен, желді және суық түндерде далада көп уақыт жүрген адамдар үсік шалу қаупіне ұшырауы мүмкін. Дәрігерлер сақтық шараларын барынша сақтауға үндейді. Тек жаңа және сапалы өнімді тұтыну, тамақтарды тоңазытқышта сақтау, шамадан тыс ішімдік ішпеу, тек сертификатталған пиротехникаларды пайдалану. Суық түнде сыртқа шыққанда жылы киініп, аяқ киімнің су өткізбейтінін қадағалаңыз.
Қымбатты көрермен, мереке кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы денсаулықты қорғап, бақытты сәтті отбасыңызбен, жақындарыңызбен өткізіңіз. Егер төтенше жағдай туындаса, тиісті орынға дер кезінде хабарласыңыз. Жаңа жылда баршаңызға денсаулық пен амандық тілейміз.