Шымкентте мемлекеттік сатып алу конкурстарының 12 жеңімпазы күдікке ілінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің мәліметінше, олар жалған құжат жасап, құрылыс компанияларын құрған.
Осылайша, сатып алу сайтының автоматтандырылған рейтингтік көрсеткішіне әсер етіп, мол тәжірибесі бар екенін дәлелдей алған. Бірақ сыртқы талдау нәтижесінде күдіктілердің бұған дейін ешқандай құрылысқа қатысы болмағаны және тапсырыс берушілердің талаптарына сай келмейтіндігі әшкере болды. Бюджетке жалпы сомасы 21 миллиард теңге шығын келтірілді. Осыған қатысты антикордың атынан мемлекеттік органдарға нұсқау жолданды. Мамандар күдіктілердің бұған дейін атқарған жұмыстары туралы жалған құжаттама ұсынғанын растап отыр. Қазір бұл мәселелер орталық аппаратта қарастырылуда. Ал нормативтік құқықтық актты әзірлеуші органнан Қаржы министрлігіне ұсыныс тасталған.