Оңтүстік өңірден шыққан түлектер көбіне мамандықты грант үшін таңдайды. Сарапшы, профориентолог Айдос Жұманазар осылай деді. Бұл құбылыс еңбек нарығы мен білім сапасына айтарлықтай залалы тиіп жатыр. Ал талапкердің өзі үшін де салдары күрделі болуы мүмкін.
Қазақстанда жоғары білім алу қымбат, сондықтан мемлекеттік орын түлектер үшін зор мүмкіндік. Қарапайым отбасы ақылы оқытуға қаржылық тұрғыдан қиналғандықтан, талапкердің көбі қай салада жұмыс істегісі келетінін емес, грантқа түсе алатын мамандықты таңдайды. Әсіресе техникалық және педагогикалық бағыттарға бөлінетін орын саны жылдан жылға артып келеді. Сол себепті бітіруші жастар тегін оқуды мақсат тұтып, осы салаларды таңдайды. Алайда, бұл болашақта олардың грантта бітірген мамандықтары бойынша жұмыс істейтініне кепілдік бермейді. Грант үшін жасалған таңдау сапалы маманның қалыптасуына кері әсер етіп қана қоймай, еңбек нарығына қажет мамандарды даярлау саясаты толық іске аспай қалып жатыр.
АЙДОС ЖҰМАНАЗАР, ПЕДАГОГ-ПРОФОРИЕНТОЛОГ
Сіздерге қазір керемет мүмкіндік – негізі сіздер мамандықты өздеріңіз таңдап, университетті өздеріңіз іздеулеріңіз керек еді. Звондауыңыз керек, М. Әуезовке, Дулатиге звондайсыз сіздерде мынадай мамандық бар ма, қалай түсем, кім болам деген сияқты. Мен осы уаққа дейін 100 мыңнан аса оқушымен жұмыс істедім, қаншама мың студент маған инстаграмнан жазады: ағай, келесі жылы ҰБТ тапсыра алам ба, мамандығым ұнамайды-дейді//
Бұл мәселені шешу үшін кәсіби бағдар беру жұмысын жетілдіру керек. Түлектер мектеп қабырғасынан бастап, өз қабілеттерін анықтап, мамандық таңдауға саналы түрде келуі қажет. Сонымен қатар мемлекет тек грант санын көбейтумен емес, бірге еңбек нарығының қажеттілігіне сай мамандарды даярлауға көңіл бөлгені жөн, – дейді сарапшылар. Олар грант бөлу жүйесін жетілдіре отырып, түлектерді өз болашағына саналы түрде қарауға ынталандыру маңызды екенін айтады. Жоғары білім диплом алу үшін ғана емес, шын мәнінде маман болу үшін қажет екенін қоғам түсінген кезде сапалы кадрлар қалыптасады.