Үшінші мегаполисте алғаш рет каратэден халықаралық турнир өтті. Ауқымды дода көрнекті қоғам қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Саттар Ибатбайұлының жүлдесіне арналды. Жарысқа 800-ден астам спортшы қатысып, кіл мықтыдан кім мықтыны анықтады.


Саттар Ибатбайұлы - талай жылдан бері қоғамдық қызметте қажырлы еңбек етіп келеді. Ел дамуына сүбелі үлес қосқан қайраткер Шымкент қаласы мен Түркістан облысының құрметті азаматы.


САТТАР ҚУАШБАЙ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
Мен кешегі күнге дейін ғылыммен айналысып келдім. Жоғары оқу орнында оқып жүріп-ақ түрлі диссертация қорғап, ғылыми жолмен жүрдім.


Тартысты турнирдің шымылдығы Әнұранның салтанатты сазымен түрілді. Шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Саттар ағамыздың каратэге көңіл бөліп, ғылым мен спортты қатар ұштастырып жатқаны көңілімізге қуаныш ұялатады. Ал турнирге қатысушыларға сәттілік тілеймін.


Жастардың шеберлігін шыңдауға арналған дода Шымшаһарда алғаш рет өткізіліп отыр. Халықаралық сайысты қалалық каратэ WKF федерациясының президенті, мәслихат депутаты Дулат Саттарұлы ұйымдастырды.


ДУЛАТ САТТАРҰЛЫ, «АҚЖОЛ» ҚДП ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
Бұл турнирдің басты ерекшелігі бар. Бұл жарыс әкеміздің жетпіс жылдық мерейтойына арналады. Ол кісі ғылым жолының дамуына сүбелі үлес қосқан тұлға.


 Турнирге Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттері мен еліміздің он төрт өңірінен келген спортшылар қатысып, өзара бақ сынады. Жас каратэшілер жоғары дайындықтарын көрсетіп, халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтады.


АЗАТ ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ, МАҢҒЫСТАУЛЫҚ СПОРТШЫ
Қазіргі өтіп жатқан жарыс Азия және әлем чемпионаттарына іріктеу. Бұл жарыста екінші орын алдық. Өзбекстандық спортшыға есе жіберіп алдық. Алдағы уақытта жақсы дайындалып, бұдан да мықты боламыз.


Жарысқа қатысушылар 3 санат пен 35 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Спорттық додада оқ бойы озып шыққан каратэ шеберлері әлем чемпионатына жолдама алды.