Қала әкімі жеке қабылдауда мәселе көтерген тұрғындардың өтініші бойынша арнайы барып, жағдаймен танысты. Ұлағат шағын ауданының тұрғыны Гүлжан Муташеваның өтініші негізінде әкім тиісті аумаққа барып, көтерілген мәселелерді қарастырды және шешу жолдарын талқылады.
Шаһар басшысы Маятас тұрғын алабында орналасқан «Ордабасы» футбол клубының оқу-жаттығу базасына барды. Кешен спортшыларды жоғары деңгейде даярлауға қажетті барлық инфрақұрылыммен қамтылған. Мұнда табиғи және жасанды футбол алаңдары, сондай-ақ команданы орналастыруға арналған қонақүй бар. Базаның көпфункционалды болуына ерекше назар аударылды. Аумағында ескек есу спортына, соның ішінде байдарка мен каноэде жаттығуға қолайлы жағдай жасалған. Бұл нысан спорттық инфрақұрылымды дамытуға тың серпін беріп отыр. Аралау қорытындысында қала әкімі Әл-Фараби ауданында орналасқан қонақүй кешенін қайта жаңғырту барысымен танысты. Ұзақ уақыт бойы қараусыз қалған ғимарат бүгінде «HD Hotel» атауымен заманауи қонақүйге айналуда. Кешен аумағында «Global Coffee Premium» санатындағы кофехана, конференц-залдар, мейрамханалар және қонақтарға жоғары деңгейдегі жайлылықты қамтамасыз ететін өзге де инфрақұрылым нысандары орналасады. Компания басшылығымен қайта жаңғырту жұмыстары, іргелес аумақты абаттандыру және келушілер үшін қолайлы орта қалыптастыру мәселелері талқыланды. Ғабит Сыздықбеков жұмыстың сапасына, белгіленген мерзімнің сақталуына және демалушылар үшін заманауи жағдай жасалуына ерекше назар аударуды тапсырды.