Әлеуметтік бейімдеу орталығының жанынан жаңа ғимарат салынады. Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарға қолдау көрсететін мекеменің негізгі ғимараты тозған. 160 орынға шақталған ескі орталық қазір үйсіздерге толы. Себебі қыс уақытында көше кезбелердің барлығы пана іздеп осында келеді.


Әбдіғаппар Ташимов орталыққа Келес ауданынан келген. Отбасынан жырақта жүрген ол мұнда 2 айдан бері қызмет алады. Зейнеткердің сөзінше, бұрын жағдайы жақсы, берекелі отбасы және басында баспанасы да болыпты. Тағдырдың тәлкегімен қазір далада қалғанын айтады.


ӘБДІҒАППАР ТАШИМОВ, ҚЫЗМЕТ АЛУШЫ
Тағдырдың тәлкегі болды, осы жерге келдім. Бала-шаға, үй-жай болған, қазір сыртта қалғандықтан осы жерге келдім. Айтайын дегенім мемлекетке, қызметкерлерге рахмет! Бізге қараушы қызметкерлердің орта жасы 40–45-те. Бірі іні, бірі қарындас болады.


Ал, Бекен Тұраханова пробация есебіндегі азаматша. Балалар үйінде тәрбиеленіп өскен ол 15 жылын темір торда өткізген. Қазір әлеуметтік орталықты паналайды. Сөзінше, мұндағы жағдайы жақсы.


 БЕКЕН ТҰРАХАНОВА, ҚЫЗМЕТ АЛУШЫ
 Бір жылға дейін ұстайды. Бірақ менің өзімнің 5 жылға дейін надзорым бар. Босап шыққаннан кейін надзор алдым. Қазір соның бітуіне 3–4 айым қалды. Барар жер, басар тау жоқ. Мен пенсия алмаймын, 30 мың теңге пособия аламын. Содан 200 мың теңге кредит алып, сол ақшаны ұстап отыр. Квартира жалдай алмаймын, жағдайым солай. Әкімшілікке өте ризамын. Осындай мекеме ашқандарына. Осындай көшеде қалған адамдарға көмек бергеніне әкімшілікке ризамын.


Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығының қазіргі ғимараты өткен ғасырдың 80-жылдары салынған. Нысан содан бері күрделі жөндеу көрмеген. 160 орынға шақталған мекеме қызмет алушыларға толған. Азаматтар бос уақытты тиімді өткізу үшін кітапхана жұмыс істейді, әйелдер қолөнер бұйымдарымен айналысып, тоқыма тоқуды үйренеді. Ал, медицина қызметкерлері ауру-сырқауы барларға жәрдем береді. Орталыққа қала тұрғындары да көмек қолын созады. Жаны жомарт адамдар қызмет алушыларды киім-кешекпен қамтамасыз етеді.


ЕРЛАН ӘЛЖАНОВ, «ӨМІРЛІК ҚИЫН ЖАҒДАЙҒА ТҮСКЕН АДАМДАРДЫ ӘЛЕУМЕТТІК БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫ» КММ БАСШЫСЫ
 Жалпы орталықтың қуаттылығы 160 адамға арналған. Бүгінгі таңда толық 160 адамға қызмет көрсетіліп жатыр. Біздің орталықта белгілі бір тұрағы жоқ, пробация есебінде тұратын азаматтар, құжаттары жоқ, туыстары жоқ азаматтар келіп түседі. Оларға әлеуметтік көмек көрсетіледі.


Орталықта қызмет алушылардың басымының құжаты жоқ. Сондықтан жеке басты растайтын куәліктерін мекеме қызметкерлері құнттап беруге көмектеседі.


ЕРЛАН ӘЛЖАНОВ, «ӨМІРЛІК ҚИЫН ЖАҒДАЙҒА ТҮСКЕН АДАМДАРДЫ ӘЛЕУМЕТТІК БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫ» КММ БАСШЫСЫ
Мамыр айынан бастап бізде 8 адам құжатын алды. КСРО паспортымен 12 Қазақстан азаматы ИИН алды. Одан бөлек 4 азамат депортацияланды. Қазақстанға келіп, осы жерде тегі анықталып, Өзбекстан азаматы – 2, Ресей Федерациясының азаматы – 2 болды. Оларды консулдықпен және көші-қон департаментімен бірлесе жұмыс жасап, депортациялау жұмыстары жүргізілді.


1,5 гектар аумақты алып жатқан орталық жанынан жаңа ғимарат салу жоспарланған. 50 орынға шақталатын нысанның сметалық құжаты әзірленуде. Одан бөлек, мекеме қызметкерлері ауланы абаттандырып, түрлі жеміс ағаштарын отырғызған.