Қара нарық арқылы елге кіретін импорттық тауарлар отандық кәсіпорындардың дамуына кедергі келтіруде. Сондықтан бұл келеңсіздікке мемлекет тарапынан тосқауыл қажет. Мегаполиске жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаттары қаладағы өндіріс орындарын аралау барысында осы мәселені көтерді. Халық қалаулылары Шымкент қаласындағы тоқыма фабрикасының жұмысымен танысты.

Кәсіпорында толық өндірістік цикл жолға қойылған. Депутаттардың айтуынша, бұл жоба импортқа тәуелділікті едәуір азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Жылына 50 миллион жұпқа дейін шұлық өндіретін зауыт ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімнің 90 пайызын экспортқа бағыттайды. Жоба Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен іске асырылып, 6,5 миллиард теңге инвестиция тартылған. Қазіргі таңда мұнда 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сапар барысында депутаттар көтерілген мәселелерді тыңдап, оларды шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.

 ДАНАБЕК ИСАБЕКОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
Қытайдан келетін шұлық өнімдері қара нарық арқылы елге кіріп, сатылымға шығарылып жатыр деген мәселе бар. Оларды бақылауға алып, таңбалануын тексеру қажет. Бұл бағытта тиісті органдарға сауал жолдаймыз. Қара нарық өнімдері қалай кіріп жатыр, бақылау жүргізіліп жатыр ма – осының бәрі назарға алынады.