Апта соңында, яғни 18 қаңтардан 19 қаңтарға қараған түні Провославтық христиандардың «Құдайға шоқыну» рәсімі өтеді. Діни ритуал барысында ретсіздік пен келеңсіздікті болдырмау үшін төтеншеліктер бақылау жүргізеді. 2 бірлік техника тізгіндеген 10 қызметкер сақ қимылдап, қауіпсіздік талаптарын кірпік қақпай күзетеді.


 Салқын суға беттемес бұрын денені қыздырып алған жөн. Алайда, алкоголь көмегінсіз. Суда ұзақ малтып, кідіруге болмайды. 30 секундтан артық салқын суда шомылу гипотермия ықтималдығын күшейтеді.  Белгіленбеген орында шомылғандар көлемді айыппұл арқалайды. Рәсім күні төтеншеліктер күшейтілген режимде жұмыс істеп, қауіпсіздік ережелерін қадағалайды.


 АСҚАР ШӘРІП, ТЖД ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ
– «Жеке тұлғаларға 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Яғни бұл белгіленбеген орындарда шомылғандарға немесе баласын қараусыз қалдырғандарға, масаң күйде шомалғандарға салынады.»


 Аталған рәсімге алкогольді ішімдік тұтынып баруға тыйым салынады. Осылай деген Шымкенттің бас епархиясы рәсім барысында бірқатар ережелерге назар аударып, сақ болу қажетін ескертеді. Суық суға түспес бұрын денсаулық жағдайына жіті мән беру – басты талап!


АЛЕКСАНДР МОГИЛЕВСКИЙ, ПРАВОСЛАВ ШІРКЕУІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
«Фанатизмге берілмеу қажет! Егер денсаулығыңыз нашар, ауырып тұрған болсаңыз мұндай тәуекелге барудың қажеттігі жоқ! Денсаулығыңыз дұрыс болса ғана белгіленген талаптарға сай шомылуыңыз керек. Жүкті әйелдерге тыйым салынады!»


Сондай-ақ православтар басқа дін өкілдерін де кері итермейді. Рәсімге салауатты өмір салты ретінде қарап, суық суға түсу қағидаларын үйренгісі келетіндерге тәжірибесі толысқан мамандар тиісті ережелерді түсіндіруге дайын.