Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппарат кеңесі өтіп, жиында білім беру саласын цифрландыру мәселелері, қала көшелерін асфальттау жұмыстарының нәтижелері қаралды.
Шаһарда ашықтықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында білім берудің барлық деңгейін, кадрлық, қаржылық және басқарушылық процестерді қамтитын бірыңғай интеграциялық QARQYN жүйесі енгізілді. Жүйе қолданыстағы ақпараттық платформалармен біріктірілген және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді. Сонымен қатар, мектепке дейінгі және қосымша білім беру саласында цифрлық шешімдерді енгізу нәтижесінде тәуекелдер анықталып, жойылды, бұл мемлекеттік шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік берді. Ваучерлік қаржыландыруды талдау қорытындысы бойынша негізсіз есептеулер алынып тасталып, бюджет қаржысы үнемделді. Білім беру ұйымдарының 34 мыңнан астам қызметкерін қамтитын Sana тарификациялық базасы енгізілді. Бұл жүйе оқу жүктемесінің артып кетуін, жасырын бос жұмыс орындарын және негізсіз қосымша төлемдерді анықтауға мүмкіндік беріп, кадрлық және қаржылық процестердің ашықтығын арттырады. Қауіпсіздік пен тегін тамақпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қаладағы барлық мектепте бейнебақылау және биометриялық бақылауды қамтитын «Айқын» интеллектуалды жүйесі енгізілді. Білім беру ұйымдары заманауи қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталып, полицияның Жедел басқару орталығына қосылды. Ыстық тағаммен қамту жүйесін биометриялық есепке алу арқылы цифрландыру нәтижесінде 2025 жылы 540 млн теңге бюджет қаржысы үнемделді.