Елімізде автокөліктерді лизингке беру бағдарламасы уақытша тоқтатылды. Қазіргі таңда бұл жүйе толық көлемде жұмыс істеп тұрған жоқ. Бұған басты себеп – жол қозғалысы ережелерін бұзуға байланысты айыппұлдарды төлеу тәртібінің нақты реттелмеуі.
Қолданыстағы талаптарға сәйкес, егер лизингке алынған автокөлік жүргізушісі жол ережесін бұзса, айыппұл жүргізушінің өзіне емес, лизингтік компанияның атына тіркеледі. Бұл жағдай лизингтік ұйымдарға қосымша қаржылық және құқықтық салмақ түсіріп, бағдарламаның уақытша тоқтауына себеп болды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда елімізде бірыңғай лизингтік регламент әзірленіп жатыр. Құжат аясында лизинг шарттары мен талаптары нақты айқындалып, айыппұлдарды төлеу мәселесі де заң жүзінде реттелмек. Аталған түйткілдер шешімін тапқаннан кейін автокөліктерді лизингке беру бағдарламасы қайта іске қосылады деп жоспарланып отыр.