Елімізде жаңа Салық кодексі күшіне енді. Құжатта негізгі басымдық бақылау мен жазалауға емес, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім мен жауапкершілікке берілген. Бұл өзгерістер кәсіппен айналысатын азаматтарға да, күнделікті табыс табатын адамдарға да оңтайлы әсер етеді,-дейді мамандар.
Жаңа тәртіп бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін салық төлеудің жеңілдетілген жолы ұсынылып отыр. Енді олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ, арнайы салық режимін пайдалана алады. Ол үшін «E-Salyq Business» мобильді қосымшасын қолдану жеткілікті. Қосымша арқылы көрсетілген қызмет немесе сатылған өнім үшін чек беріп, табысын заңды түрде рәсімдеуге мүмкіндік бар.
НҰРМҰХАНБЕТ СЕЙІТҚҰЛ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫ ОРЫНБАСАРЫ М.А.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған шебер, репититор, фотограф сынды кәсіппен айналысатын 4 пайыздық мөлшерде әлеуметтік аударымды төлейді.Олар үшін салық талап етілмейді.
Бұл санаттағы азаматтар табыс салығынан толық босатылады. Алайда олар 4 пайыз көлемінде әлеуметтік төлем төлейді. Аталған қаражат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға, зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарға бағытталады.
БАУЫРЖАН ӘЛТЕЕВ, «ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ КӘСІПОДАҚТАР ОРТАЛЫҒЫ» АУМАҚТЫҚ КӘСІПОДАҚТАР БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Салық Кодексі кәсіпкерлердің жұмысын тоқтатуға емес, ол салық жинаушы мен төлеуші арасындағы ынтымақтастыққа бастайды.Төлеушілер салықтың әлеуметтік салаға кететінін түсініп, төлеуі керек.
Бұдан бөлек, шаруа қожалықтары үшін жеңілдетілген салық режимі енгізіледі. Ал қалған кәсіпкерлер жалпыға ортақ тәртіппен жұмыс істейді. Олар үшін қосылған құн салығы 16 пайызға дейін өседі. Сонымен қатар, жеңілдетілген режимде жұмыс істейтін кәсіпкерлерден тауар не қызмет алынған жағдайда, салық шегерілмей, толық көлемде төленеді.